Өндірістік практика және кәсіби бағыттылық

Соңғы жылдары елімізде мұғалім маманның мәртебесі өсуде. Мұғалімдік мамандықты таңдайтын жастардың да қатары артып келе жатқаны байқалады. Мұғалімдік мамандыққа даярлауда кәсіби іс-тәжірибенің маңызы орасан зор.

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде болашақ маманның алғашқы оқу жылынан бастап оқу мерзімінің соңына дейін кәсіби іс-тәжірибеден өтуі, теориялық білімін практикада жүзеге асыру дағдыларын қалыптастыруы ерекше жолға қойылған. Білім алушы студент соңғы курста өндірістік машықтанудан өтеді. Осы орайда Ө.Сұлтанғазин атындағы ҚМПУ «Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасының 4-курс студенті Нурушева Меруертпен өндірістік машықтануға байланысты сұрақтар төңірегінде сұхбат жүргіздік.

- Меруерт, мұғалім мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?

- Осы бір қызығы мен қиындығы қатар жүретін мамандықты таңдауда қателеспедім деп ойлаймын. Балалық арманым ба, әлде алғашқы ұстазыма ұқсағым келді ме, өзімнен үлкен апамның жолын қуғым келді ме? Әйтеуір осы бір арман мені он бір жыл бойы жетелеп, мектеп бітіргеннен кейін мұғалімдік мамандықты таңдауыма себепші болды. Мамандық таңдауда қателеспегеніме, машықтану кезінде көзім жетті.

Өндірістік машықтанудың бітіруші студент үшін маңызы қандай?

- Еңбек жолын енді бастағалы жатқан жас маманға соңғы курста өтілетін өндірістік машықтанудың маңызы зор. Әр студент өндірістік машықтану кезінде бұл мамандық оған сай келе ме, жоқ па, соны ұғады. Машықтануға барған күнім мәңгілік жүрегімде қалады. Себебі, бұл күн – менің мамандық таңдауда қателеспегенімді ұққан күн. Яғни, өзім үшін – тарихи сәт.

Ең алғаш мектепке барған күнім көз алдымда. Мен үшін әлемнің жаңа бір парағы ашылды. Алғаш сынып табалдырығын жүрексіне аттағанымда маған күлімдей, әрі сынай қараған пәк көздерден мен өзіме жүктелген үлкен жауапкершілікті сезіндім. Қатты толқығаным әлі есімде. Сол сезім, толқыныс менің жан-дүниемде мәңгі қалғандай.

- Машықтану кезінде оқушылармен тіл табысу қиындық тудырмады ма?

- Жоқ, әрине. Мен мамандығымды жаныммен сүйемін және әр оқушыға мейіріммен қараймын. Әр шәкірт – менің жалғызым деген басты қағидам бар. Бала жүрегі оған деген көңілді сезеді. Қазіргі күннің өзінде оқушыларыммен әлі де байланыстамын. Көмек, кеңес керек болса, олар Меруерт апайларының жандарынан табылатынын біледі.

- Керемет екен! Меруерт, жауабыңыз үшін рахмет. Төменгі курс студенттеріне қандай тілек айтар едіңіз?

- Сіздер болашақ мұғалімді теориялық тұрғыдан ғана сапалы даярлап қоймай, практикада шыңдауға да аса назар аударылатын, соған барлық жағдай жасалатын үздік оқу орнын таңдадыңыздар дегім келеді. Болашақта таза махаббат пен сезімді балалардан аласыздар. Мұғалімдік жолды таңдағандарыңызға өкінбеңіздер! Себебі, бұл жұмыстың қандай қиыншылығы болса да, мамандығыңызды жүрегіңізбен қалап келген болсаңыздар барлық кедергіні жеңесіздер. Тек сәттілік тілеймін!

Нурушева Меруерт

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 53-04-55

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Жаналықтар Оқу-әдістемелік жұмыс Өндірістік практика және кәсіби бағыттылық