Оның сөзі – қуат сөзі

Qostanaı tańy, 2020 жыл, 15 қаңтар (№ 5), 4 б.

Рауан Байдалы

Президентіміз Қ. Тоқаевтың: «Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз», – деп ұлтымыздың туған тіліне мән бергенін жөн санауының өзі білім басқаратын басшыларды Абайдың ой-тұжырымдарын негізге алып жұмыс істеуге шақырады. Мысалы Абай Құнан-байұлы 32-ші қара сөзінде «Білім-ғылымды ынта-ықыласыңмен, шын ниетіңмен яғни зор махаббатпен өзің іздеп жүріп үйренсең ғана ұлтыңа, еліңе онан кейін жалпы адамзат баласына пайда әкелетін кемелдікке жетесің» дегенді айтады. Ал, білім-ғылымды махаббатпен көксерлік дәрежеге жету жолы оңай емес.

Еліміздің болашағы – бүгінгі жас ұрпаққа балабақшадан бастап ағылшын, орыс тілін үйретуден емес, ең алдымен өзінің ана тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру арқылы тағыда Абай айтқан білмекке құмарлықты дамытудан басталғаны абзал.

Бұл туралы хакім Абай 38-ші қара сөзінде тәптіштеп түсіндіреді. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ баланың туысынан, жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады дей келіп, «Ғылым-білімді әуелі бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана аллатағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмашылық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала» – дейді.

Сондай-ақ, мемлекет басшысының «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», – дегені басты бағдар етіп алынып, хакімнің 32-ші сөзіндегі алған білімінді, тапқан ғылымыңды іске асырудың мақсат-мүддесін ай-қындайтын 6 бағытының әрбір сөзінің мән-мағынасына әрбір сала басшылары терең үніліп, басшылыққа алып жұмыс істесе Президентіміздің өзі айтқандай, Қазақстанның дамып, биіктерге жететіні сөзсіз.

 Рауан БАЙДАЛЫ, РҺD докторы.

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 53-04-55

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Кітапхана БАҚ-тағы жарияланымдар Оның сөзі – қуат сөзі