ҚМПУ тарихы

kgpi1

Қостанай губерниясы мен өңірінде педагогикалық кадрларды дамыту, қалыптастыру және даярлауда білім беру жүйесінің келешегі зор болды. Себебі облыста мектептердің ұдайы өсуі байқалды. Бұл мектептерді жаңа мұғалімдермен жүйелі түрде толықтыруды талап етті.

Қазақстан мен облыс үшін мұғалімдердің жетіспеушілігі ертеден келе жатқан проблемалардың бірі. Әсіресе ұлттық кадрлар жетіспеді.

Республикада педагогикалық оқу орындары енді құрыла бастады. Жаңа заман Үкімет алдына білім саласында маңызды міндеттер қойды. Әртүрлі мамандықтағы мұғалімдерді даярлау үшін, қысқа уақыт ішінде жоғары оқу орындарын құру керек болды. 1921 жылы республикадахалықтық білім беретін 4 қана институт болды, бірақ олар мектеп қажеттіліктерін қанағаттандыра алмады. Олар үшін мұғалімдер КСРО-ның басқа ЖОО-да дайындалып жатты. 1923 жылы Қостанай губерниясынан КСРО мен Қазақстанның жоғары оқу орындарына 23 адам оқуға аттанды. Губернияда мектеп сандары өсіп, сауатсыздықты жою үшін күрес жүріп жатты, тиісінше мұғалімдерге деген сұраныс та артты. Мектептерді мұғалімдермен, әсіресе қазақ мұғалімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 1923 жылы Қостанай қаласында педагогикалық техникум ашылды, дегенмен аталыш техникум да мәселелерді шеше алмады. Мектептер саны жылдан-жылға көбейді. Егер 1923-24 оқу жылы олардың саны 234 болса, 1927-1928 оқу жылы мектеп саны екі есеге өсіп, 431-ге жетті.

Мұғалімдерді даярлау мәселесі үнемі Қазақстан басшылығының назарында болды. 1936 жылы республикада 2365 адам қабылдау жоспарымен 25 педагогикалық техникум жұмыс істеді. Педагогикалық техникумға даярлау төмендегі бағыттар бойынша жүргізілді: дайындық сыныптары, мектеп, мектепке дейінгі оқыту, дене тәрбиесін оқыту, кітапхана ісі. 1930 жылы елімізде жалпыға міндетті бастауыш оқу енгізілгені белгілі. Оның жүргізілу мерзімі анықталып, мектеп жұмысының тәртібін, оның құрылымын айқындайтын тиісті құжаттар қабылданды. Мұғалімдер үлкен сұранысқа ие болып, мәртебелері артты, сондай-ақ материалдық жағдайлары да жақсарды. 1936 жылы дербес «Бастауыш және орта мектеп мұғалімі» атағы бекітіледі. Мұғалімдердің жалақысы өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істейтін инженер-техниктердің еңбекақысының деңгейінде болды. 1936 жылы облыста төрт педагогикалық техникум жұмыс істеді, олар: Қостанай қазақ педагогикалық техникумы, Қостанай орыс педагогикалық техникумы, Темір қазақ педагогикалық техникумы және Федоров педагогикалық техникумы.

Сонымен қатар, бір уақытта Қостанай халық ағарту институты жұмыс істеді. Аталмыш институт әртүрлі қызметтерді жүзеге асырды, алайда онда күндізгі бөлім болған жоқ. Облыста жоғары оқу орны болмады. 1936 жылғы 29 шілдеде Қостанай облысы құрылды. Облысқа Ленинград, Мәскеу, Алматы қалаларының жоғары оқу орындарын бітірген мамандар келді. Бірақ халық ағарту жұмысының дамуына байланысты мұғалімдерге деген сұраныс көбеймесе, азайған жоқ. Облыста 550 бастауыш, 73 толық емес орта және 18 орта мектеп болды. Оларда 65 оқушы оқыды. Енді әртүрлі пәндер бойынша оқытатын мұғалімдерді аз уақыттың ішінде бітіртіп шығаратын жоғары оқу орнын ашу мәселесі туды.

Қазақ ССР Кеңестік халық комитеті мен Республикалық ағарту халық комитетінің келісімі бойынша Еңбекші депутаттар кеңесі Қостанай атқарушы облыстық комитетінің президиумы 1939 жылдың 21 тамыз айында «Қостанай мұғалімдер институты мен оның бөлімшелерін құру туралы» қаулы қабылдады. Онда:

  1. Үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қостанай педучилищесі базасының құрамында физика-математика және жаратылыстану-география секілді екі факультеті бар екіжылдық институт құрылсын.
  2. Институт жанында дайындық бөлімшесі мен сырттай оқу бойынша сектор ұйымдастыру.
  3. 1 қыркүйекке дейін студенттерді қабылдауды жүргізу:
    1. негізгі факультеттерге – 120 адам;
    2. сырттай секторға – 50 адам;
    3. дайындық бөлімшесіне – 70 адам.
    Барлығы: 240 адам.

1939 жылы институттың оқытушылық құрамы (Алматы қаласындағы біріккен опера театрының бұрынғы директоры И.П. Найденовтен басқа) жергілікті кадрлардан құрылды. И.П. Найденов Қазақ ССР Халық ағарту комитетінің 1939 жылғы 1 қазандағы №2504 бұйрығы бойынша Қостанай мұғалімдер институтының директоры болып тағайындалды. Институттың штаттық кестесі бойынша 4 кафедра (марксизм-ленинизм, педагогика, физика және математика, жаратылыстану және география негіздері) және 13 оқытушылық бірлік болды. Жұмыс тәжірибесі мол, ғылыми дәрежелері мен атақтары бар оқытушылар болған жоқ. Оқытушылардың басым көпшілігінің жалпы педагогикалық өтілдері бір жылдан үш жылға дейін ғана болды. Марксизм-ленинизм негіздері кафедрасының меңгерушісі болып бұрынғы партия қызметкері Х.Ф. Юманкулов тағайындалды. Жаратылыстану және география кафедрасын университет түлегі М.Б.Гренадер басқарды. Химия пәнін оқытушы Кадушкина жүргізді. Физика және математика кафедрасын Қостанай орыс педагогикалық техникумының бұрынғы директоры И.И.Московкин басқарды. Осы кафедрада үлкендерден П.П. Ким, А.Ф. Дю, Б.Н. Шибаев болды. Орыс тілін Сизова берсе, қазақ тілін Г. Асанов жүргізді. Әскери істі Ольховский оқытты.

Институттың қызмет көрсету аймағына Ақмола, ішінара Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары кірсе де, студентердің алғашқы жиыны негізінен Қостанай облысының жастарынан құралды. Дайындық бөлімі тек бір жыл ғана жұмыс істеді. 1940 жылы оның бітіруші түлектері институтқа оқуға қабылданды. 1940 жылғы күз айында институтта жоғарыда көрсетілген мамандықтар бойынша сырттай оқу бөлімі ашылып, 1 курсқа 68 адам қабылданды.

1940-1941 оқу жылы оқытушылар құрамы екі есеге көбейді. «Мұғалімдер газетінде» жарияланған конкурс бойынша институтқа басқа да жоғары оқу орындарынан мамандар келді: жаратылыстану және география кафедрасының меңгерушісі лауазымына Томск университетінен келген Ф.К.Сташевский, физика кафедрасының меңгерушісі міндетін атқару лауазымына Одессадан келген Альтман сайланды. Ұлттық ағарту комитетінің жолдамасы бойынша Ленинград университетінің түлегі В.К. Иванова орыс тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы ретінде келді. ҚазССР Ұлттық ағарту комитеті комиссиясының қорытындысында айтылғандай, алғашқы жылы-ақ институт оқу бірліктерін қамтитын мұғалімдер институты, даярлау курстары, 5-7 сынып мұғалімдерінің біржылдық курстары, әлеуметтік құрылыс жұмыскерлерінің курстары бар оқу комбинатына айналды. Комбинаттың барлық бөлімшелерінің басшылары мен оқытушылары негізінен институт қызметкерлерінен құралды. Олар мектеп директорлары мен оқу ісі меңгерушілерінің семинарларын ұйымдастырды, ал пән оқытушылары үшін дәріс оқыды.

Мұғалімдер институтының екінші оқу жылы алғашқы түлектердің бітіру жылы болып саналды. Бітіруші студенттер Ұлы Отан соғысы басталған уақытта дипломдарын алды.

1941 жылғы 27 шілдеде Қостанай мұғалімдер институтының алғашқы түлектері мемлекеттік емтихандарын тапсырып, дипломдарын алды. Ал 28 шілде күні сағат 6.00-де Отанды қорғауға майданға аттанды. Басым көпшілігі соғыстан оралған жоқ.

Ұлы Отан соғысының бас кезінде институт тек қана алғашқы қадамдарын жасады. Оқытушылар құрамы мен студенттер түгелдей өзгерді. Соғыстың алғашқы жылында-ақ 22 студент, 8 оқытушы және институт қызметкерлері И.П. Найденов, Х.Ф. Юманкулов, Т.М.Мусакулов, М.Б. Гренадер, Б.Н. Шибаев, Г, Асанов, Попов және Бисембаев Қызыл әскерге аттанды. Көпшілігі майданнан оралған жоқ. Олардың ішінде математик Б.Н.Шибаев, физик Попов, қазақ тілінің оқытушысы Г. Асанов, шаруашылық бөлімі директорының көмекшісі Бисембаев, студент Киселев және тағы басқалары.

Соғыс жылдары институттың оқытушылар құрамы қоныс аударып келген жоғары оқу орындарының қызметкерлерімен толықты. Физика және математика кафедрасын П.Г.Куликовский, жаратылыстану және география кафедрасын профессор Л.И. Никонов, педагогика кафедрасын профессор Б.Б. Резник басқарды. Дәрістерді доцент Матлин, Спиноза, Егорин және басқалары жүргізді. Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасында белгілі еврей жазушы-драматургі Л.Б. Резник қызмет атқарды. Жаңа білікті кадрлардың көптеп келуі 1942 жылдың күзінде институтта орыс тілі және әдебиеті бөлімі мен тиісті кафедраны ашуға септігін тигізді.

1944 жылы институтқа Амангелді Иманов есімі берілді. Институт басшылары соғыс жылдары өзгеріп отырды. И.П. Найденов әскерге кеткен соң, институт директорының міндетін О.Л. Белинская, содан кейін В.И. Сунцов атқарды. Ғылыми-оқу жұмыстары бойынша директордың орынбасары қызметін қостанайлықтардың ішінде алғашқы ғылым кандидаты дәрежесін алған Ф.К. Сташевский атқарды. Соғыстан кейінгі жылдары институт Пушкин және Ташкент көшелерінің қиылысындағы төңкеріске дейін салынған шағын ғимараттардың бірінде орналасты. 1946 жылы институттың жалпы ауданы 145 шаршы метр жерді қамтитын студенттерге арналған жатақханасы болды. Институт ұдайы жаңа кадрлармен толығып отырды. 1948 жылы орыс тілі мен әдебиет кафедрасына ҚазМУ-дан жас мамандар келді, нәтижесінде олар институт ардагерлері атанды. Олар: Н.И. Кандалин, И.Т. Кирдяев, В.И. Кандалина, О.Д. Павлова. Сол жылы институт жұмысына Н.И. Кандалин кірісті, кейіннен ол орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды.

1949 жылы инстиутта тарих факультеті ашылды. 50 жылдардың бас кезінде мұғалімдер институтының басшысы тағайындалды. Институт директоры С.П. Терентьев, оқу және ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасар Н.И. Кандалин болды. Сырттай оқу бөлімін И.Т. Кирдяев басқарды.

1955 жылғы тамыз айында педагогикалық институтқа студенттерді алғашқы қабылдау жүзеге асырылды. 400-ден астам түлек оқуға түсуге өтініш білдірді. Емтихандар сәтті өтіп, жаңа оқу жылында институт дәрісханаларында 300 студент оқуға кірісті. Алғашқы студенттердің арасында бірнеше медалистер болды. Жыл сайын институтта оқитын студенттердің саны өсті. 1954-55 оқу жылы олардың саны 731-ге жетті. Жыл сайынғы бітіруші түлектердің саны 100 адамға артылып отырды.

Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1955 жылғы 1 шілдедегі өкіміне сәйкес және орта мектеп мұғалімдерін даярлау сапасын арттыру мақсатында сол жылдың 5 шілдесінде мұғалімдер институтының базасында Қостанай педагогикалық институтын құру шешімі қабылданды. Институт құрамында күндізгі оқу бөлімінде 75, ал сырттай оқу бөлімінде 50 студенті бар орыс тілі мен әдебиеті және физика-математика факультеттері болды. 1956 жылдың қыркүйегінде институтта орыс тілі, әдебиет және тарих, математика, физика және сызу мамандықтары бойынша оқу айқындалды.

1958 жылы конкурс өтуіне байланысты, институтқа ғылым кандидаттары К.Г.Газизов, Б.М. Вольфсон, Н.П. Макушин шақырылды.

1959-1960 оқу жылы екі жаңа – педагогика және бастауыш білім әдістемесі мен физика және жалпытехникалық пәндер бөлімі ашылды. Келесі оқу жылында осы бөлімдердің алғашқысы бастауышты оқыту әдістемесі факультеті (БОӘ) болып қайта құрылды. Аталмышфакультетті Қостанайға белгілі педагог, үш орденнің иегері, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, мұғалім, мектеп директоры, облыстық халыққа білім беру бөлімінің инспекторы, кейіннен мұғалімдерді жетілдіру институтының директоры болып қызмет атқарған Б.Д.Мелехин басқарды.

Сырттай оқу бөлімінің жүйесі қалыптасты. 1960 жылы оның құрамында 4 факультет болды: математика, әдебиет, тарих және бастауышты оқыту әдістемесі. Бірнеше жыл бойы сырттай оқу бөлімін Г.Д. Жантөрин басқарды.

Институттың материалдық – техникалық базасы жыл өткен сайын жақсара түсті. 1958-1959 оқу жылында Таран көшесіндегі оқу ғимаратын біртіндеп іске қосу үрдісі басталды. Толықтай салынып бітпеген оқу ғимаратында сабақтар оқытылып, зертханалар мен кабинеттерді қажетті жабдықтармен қамтамасыздандыру жұмыстары жүргізілді. Институт оқу шеберханасы, кітапхана, оқу залы, әкімшілікке арналған арнайы бөлмелер, деканат, дәрігерлік пункт және шаруашылық бөлімдер үшін арнайы жайлар бөлуді жөн көрді. 1959 жылы құрылыс аяқталып, жалпы ауданы 1662 шаршы метр жер, толық көлемде 14 кабинет, 9 дәріс оқитын дәрісхана, акт залы, оқу залы, кітап қоймасы, қосалқы жайлар қолданысқа берілді.

1957 жылы Ұлы отан соғысының ардагері Л.А. Сердкин институт директоры болып тағайындалды. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы аспирантураның түлегі К.М. Туманшин тарих-филология факультетінің деканы болды. Кейіннен ол ғылым докторы, профессор атағын иеленіп, ғылымикоммунизм, саясаттану және басқа да кафедралардың меңгерушісі, сондай-ақ оқу жұмыстары жөніндегі проректор қызметін атқарды.

1959 жылғы маусымнан бастап институт директоры (ректоры) болып тарих ғылымдарының кандидаты К.Г. Ғазизов тағайындалды және ол осы қызметін 1971 жылға дейін атқарды.

1972 жылы А. Иманов атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтына КСРО 50 жылдығы атауы берілді.

1979 жылы сырттай оқу бөлімі сырттай оқу факультеті болып қайта құрылды. Факультеттің тұңғыш деканы болып тарих ғылымдарының кандидаты, доцент И.К.Терновой тағайындалды. 1982 жылы ол ректор болып сайланды.

1981 жылғы қыркүйектен бастап институт жанында жалпы білім беретін мектеп директорларының біліктілігін көтеру факультеті жұмысына кірісті. Аталмыш факультетті В.И. Овчинникова басқарды.

Жылдан-жылға профессорлық-оқытушылық құрам сапалық және сандық жағынан айтарлықтай жақсара түсті. 1984 жылдың 1 қаңтарында оқытушылар ұжымы 226 адамды құрады, оның ішінде 72 оқытушының ғылыми дәрежесі мен атақтары болды. Сонымен қатар институтта 81 адам оқу-көмекші қызметкер, 29 кітапханашы, 9 жалпыинституттық кафедра және факультеттерде 21 кафедра болды.

1984 жылы педагогикалық институт ұжымы он бірінші бесжылдықтың үшінші жылының тапсырмаларын сәтті және асыра орындағаны үшін, КСРО Ағарту министрлігі жүйесінің ұйымдары мен мекемелерінің арасында өткен жалпыодақтық социалистік жарыста жеңімпаз атанды. Оған КСРО Ағарту министрлігі мен ағарту, жоғары мектеп және ғылыми мекеме қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің Қызыл жалауы берілді. 80-90 жылдары Педагогикалық институт жыл сайын бітіруші түлектердің санын 700-900-ға жеткізіп, облыс пен Қазақстанның Солтүстік аймақтарын барлық мамандықтағы мұғалімдермен қамтамасыз етіп отырды. 1990-1991 оқу жылы 34 кафедрада ғылыми дәрежесі бар 93 оқытушы, оның ішінде 3 профессор мен ғылым докторлары қызмет атқарды. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы 6 тамыздағы № 662 қаулысымен ол Қостанай университеті болып қайта құрылды. Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті қаулы етеді: ҚР Білім министрлігінің бюджеттен бөлінген қаржысының шегінде 1992 жылғы тамыздан бастап КСРО-ның 50 жылдығы атындағы Қостанай педагогикалық институтын Қостанай мемлекеттік университеті етіп өзгерту туралы Қазақстан Республикасының экономика бойынша Мемлекеттік комитеті, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен келісілген Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің ұсынысы қабылдансын.

Педагогикалық институт университет құрамында 12 жылдай болды. Осы уақыт ішінде негізінен мұғалімдік мамандық сақталып қалды, алайда олардың кейбірі қайта өзгертілді. Мектептер тиісті білімі бар мұғалімдерге зәру болды. Педагогикалық институтты қайта құру идеясын қалың жұртшылық оң қабылдады. 2004 жылы Үкімет республикада 5 педагогикалық жоғары оқу орнын, оның ішінде Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтын құру туралы шешім қабылдады. Осылай 2004 жылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасында заманауи оқу орны ретінде педагогикалық институт пайда болды.

Заманауи педагогикалық институт – мұғалімдер, тәрбиешілер, т.б даярлаумен айналысатын ғалымдар мен педагогтердің, студенттер, аспиранттар мен магистранттардың шығармашылық одағы. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты – 8 факультет, оның ішінде 1939 жылы құрылған 4 классикалық және 2004 жылы ашылған қазіргі заманғы мектептерге аса қажетті 2 жас факультеті бар күрделі ағза. Бұл жантану-педагогикалық факультеті мен жантану, педагогика және жантану, бастауышты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі, мектепке дейінгі оқу және тәрбие, музыкалық білім, бейнелеу өнері мен сызу, аспаптарда орындау секілді мамандықтары бар өнер факультеті. Педагогикалық институт білім беру жүйесі үшін 20 мамандық бойынша мұғалімдерді даярлайды.

Педагогикалық институттың пәндер бойынша оқу-әдістемелік және ғылыми-зерттеу жұмыстарын, студенттер арасында тәрбие жұмысын, сондай-ақ ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды жүзеге асыратын негізгі құрылымдық оқу-ғылыми бөлімі кафедра болып табылады. Педагогикалық институтта 24 кафедра бар. Онда 254 оқытушы, оның ішінде екі доктор, профессор, 53 ғылым кандидаты, доцент жұмыс істейді. Курстарды жоғары білікті, жұмыс тәжірибелері мол мамандар оқиды. Олар: Қ.М.Баймырзаев, А. Күзембайұлы, В.С. Макотченко сияқты ғылым докторлары және Т.Ж.Тасқожина, И.К. Терновой, Я.К. Духин, В.Н. Новиков, А.Ф. Дайкер, И.Г. Путиев, В.И. Жаркова, Л.И. Елфимов, Н.Ф. Демина, Т.Ш. Бикташева, И.Б. Маркос, С.А. Жакаева, З.И. Утина, К.Г. Ханапин, Н.В. Важева және басқа да ғылым кандидаттары.

2004 жылдың 1 сәуірінде ЖОО жаңадан педагогикалық мәртебесін алып, университеттен бөлініп шықты. Қазіргі таңда институттың профессор-оқытушылық құрамы мұғалімдерді даярлауда сапалы жетілдіру жүйесін қалыптастыру міндетін шешуде. Сонымен қатар оқу жоспарлары мен оқу-тәрбие үрдісінің барлық кешенін жетілдіру бағдарламасын бір жүйеге түсіру мәселелерімен айналысуда.

Біздің мекен жайымыз

110000, Қостанай қаласы,
Тәуелсіздік көшесі 118

  • Тел./факс: +7 (7142) 53-04-55

Біз әлеуметтік желідеміз

Вы здесь: Главная Университет туралы Университет ҚМПУ тарихы